Таргин (40 мг/20 мг)

МНН: Налоксон, Оксикодон
Производитель: Бард Фармасьютикалс ЛТД
Анатомо-терапевтическо-химическая классификация: Оксикодон и налоксон
Номер регистрации в РК: РК-ЛС-5№023157
Информация о регистрации в РК: 04.08.2017 - 05.08.2019

Инструкция

Саудалық атауы

Таргин

Халықаралық патенттелмеген атауы

Жоқ

Дәрілік түрі

Босап шығуы ұзаққа созылатын, үлбірлі қабықпен қапталған таблеткалар

Құрамы

5 мг /2,5 мг дозасы

Босап шығуы ұзаққа созылатын бір таблетканың құрамында

белсенді заттар:

5,25 мг оксикодон гидрохлориді (5,00 мг сусыз оксикодон гидрохлоридіне баламалы)

2,73 мг налоксон гидрохлориді дигидраты (2,5 мг сусыз налоксон гидрохлоридіне баламалы)

қосымша заттар:

таблетканың өзегі: гидроксипропилцеллюлоза, этилцеллюлоза N 45, стеарил спирті, лактоза моногидраты, тальк, магний стеараты,

таблетканың қабығы: Опадрай II көк (ішінара гидролизденген поливинил спирті, титанның қостотығы (Е171), макрогол 3350, тальк, FD&C көк #1 (бриллиантты көгілдір FCF) алюминий лагы (Е133)), тазартылған су1, тальк.

10 мг /5 мг дозасы

Босап шығуы ұзаққа созылатын бір таблетканың құрамында

белсенді заттар:

10,50 мг оксикодон гидрохлориді (10,00 мг сусыз оксикодон гидрохлоридіне баламалы)

5,45 мг налоксон гидрохлориді дигидраты (5,00 мг сусыз налоксон гидрохлоридіне баламалы)

қосымша заттар:

таблетканың өзегі: этилцеллюлоза N 45, повидон (K30), стеарил спирті, лактоза моногидраты, тальк, магний стеараты

таблетканың қабығы: Опадрай II ақ (ішінара гидролизденген поливинил спирті, титанның қостотығы (Е171), макрогол 3350, тальк), тазартылған су1, тальк.

20 мг/10 мг дозасы

Босап шығуы ұзаққа созылатын бір таблетканың құрамында

белсенді заттар:

21,00 мг оксикодон гидрохлориді (20,00 мг сусыз оксикодон гидрохлоридіне баламалы)

10,90 мг налоксон гидрохлориді дигидраты (10,00 мг сусыз налоксон гидрохлоридіне баламалы)

қосымша заттар:

таблетканың өзегі: этилцеллюлоза N 45, повидон (K30), стеарил спирті, лактоза моногидраты, тальк, магний стеараты,

таблетканың қабығы: Опадрай® II қызғылт (ішінара гидролизденген поливинил спирті, титанның қостотығы (Е171), макрогол 3350, тальк, темірдің қызыл тотығы (Е172)), тазартылған су1, тальк.

40 мг/20 мг дозасы

Босап шығуы ұзаққа созылатын бір таблетканың құрамында

белсенді заттар:

42,00 мг оксикодон гидрохлориді (40,00 мг сусыз оксикодон гидрохлоридіне баламалы)

21,80 мг налоксон гидрохлориді дигидраты (20,00 мг сусыз налоксон гидрохлоридіне баламалы)

қосымша заттар:

таблетканың өзегі: этилцеллюлоза N 45, повидон (K30), стеарил спирті, лактоза моногидраты, тальк, магний стеараты,

таблетканың қабығы: Опадрай II сары (ішінара гидролизденген поливинил спирті, титанның қостотығы (Е171), макрагол 3350, тальк, темірдің сары тотығы (Е172)), тазартылған су1, тальк

1Өндіріс үдерісінде буланады

Сипаттамасы

5 мг /2,5 мг дозасы

Ұзынша келген, екі жағы дөңес, көгілдір түсті үлбірлі қабықпен қапталған, бір бетінде «5» және екінші бетінде «OXN» өрнегі бар таблеткалар. Сындырған жерінде ақ түсті.

10 мг /5 мг дозасы

Ұзынша келген, екі жағы дөңес, ақ түсті үлбірлі қабықпен қапталған, бір бетінде «10» және екінші бетінде «OXN» өрнегі бар таблеткалар. Сындырған жерінде ақ түсті.

20 мг/10 мг дозасы

Ұзынша келген, екі жағы дөңес, қызғылт түсті үлбірлі қабықпен қапталған, бір бетінде «20» және екінші бетінде «OXN» өрнегі бар таблеткалар. Сындырған жерінде ақ түсті.

40 мг/20 мг дозасы

Ұзынша келген, екі жағы дөңес, сары түсті үлбірлі қабықпен қапталған, бір бетінде «40» және екінші бетінде «ОХТ4» өрнегі бар таблеткалар. Сындырған жерінде ақ түсті.

Фармакотерапиялық тобы

Жүйке жүйесі. Анальгетиктер. Апиындар. Апиынның табиғи алкалоидтары. Оксикодон және налоксон.

АТХ коды N02AA55

Фармакологиялық қасиеттері

Фармакокинетикасы

Оксикодон гидрохлориді

Ішке қабылдағаннан кейін оксикодон жоғары абсолютті биожетімділік көрсетеді, ол 87 %-ға жетеді.

Сіңгеннен кейін оксикодон бүкіл организмге таралады. 45%-ға жуығы қан плазмасының ақуыздарымен байланысады. Оксикодон плацента арқылы өтеді және емшек сүтінен анықталады.

Оксикодон ішек пен бауырда нороксикодон, оксиморфон және глюкуронидтер түріндегі әртүрлі метаболиттер түзе отырып метаболизденеді. Нороксикодонның, оксиморфонның және нороксиморфонның түзілуіне Р450 цитохромы жүйесінің изоферменттері қатысады. Хинидин оксикодонның фармакодинамикалық әсерлеріне елеулі ықпал етпестен, адамда оксиморфонның түзілуін азайтады. Метаболиттердің жалпы фармакодинамикалық әсерге үлесі мардымсыз.

Оксикодон және оның метаболиттері бүйрекпен және ішекпен шығарылады.

Налоксон гидрохлориді

Ішке қабылдаған кезде налоксонның жүйелі биожетімділігі өте төмен – 3 %-дан аз болады.

Налоксон плаценталық бөгет арқылы өтеді. Налоксонның емшек сүтіне өтетін-өтпейтіні белгісіз.

Налоксон бауырда метаболизденеді және бүйрекпен шығарылады. Налоксонның негізгі метаболиттері глюкуронид, 6β-налоксол және оның глюкурониді болып табылады.

Оксикодон гидрохлориді мен налоксон гидрохлоридінің біріктірілімі (Таргин).

Таргин препаратының құрамына кіретін оксикодонның фармакокинетикалық қасиеттері босап шығуы ұзартылған налоксон таблеткаларымен бірге қабылданатын босап шығуы ұзартылған таблеткалар дәрілік түріндегі оксикодонның қасиеттеріне сәйкес келеді.

Таргин препаратының барлық дозалары өзара алмастырылады.

Таргин препаратын дені сау еріктілер ең жоғары дозада ішке қабылдағаннан кейін налоксонның плазмадағы концентрациясы өте төмен болғандықтан, оған фармакокинетикалық талдау жүргізу мүмкін емес. Сондықтан, суррогатты маркер ретінде налоксон-3-глюкуронид пайдаланылды, өйткені оның плазмадағы концентрациясы өлшеуге жеткілікті.

Жалпы, ашқарынға қабылдаумен салыстырғанда май құрамы жоғары тағаммен қабылдаған кезде, оксикодонның биожетімділігі және плазмадағы ең жоғары концентрациясы (Сmах) орта есеппен сәйкесінше 16 және 30 % артады. Бұл өзгерістердің клиникалық мәні жоқ деп саналады, осылайша, Таргин таблеткаларын тамақ ішуге байланыссыз қабылдауға болады.

In vitro метаболизмін зерттеу нәтижелері Таргин препаратының компоненттерімен клиникалық мәні бар өзара әрекеттесулердің даму ықтималдығы аз екенін көрсетті.

Пациенттердің жеке топтарындағы фармакокинетикасы

Егде пациенттер

Оксикодон

Егде жастағы пациенттерде жас еріктілермен салыстырғанда оксикодонның «концентрация-уақыт» қисығы астындағы аудан мәнінің (AUCτ) орта есеппен 118% ұлғайғаны байқалды. Оксикодонның Сmах орта есеппен 114% дейін артты. Оксикодонның ең аз концентрациясы (Сmin) орта есеппен 128 % дейін ұлғайды.

Налоксон

Егде жастағы пациенттерде жас еріктілермен салыстырғанда налоксонның AUCτ мәні орта есеппен 182% дейін ұлғайғаны байқалды. Налоксонның Сmах орта есеппен 173 % дейін артты. Налоксонның Сmin орта есеппен 317% дейін ұлғайды.

Налоксон-З-глюкуронид

Егде жастағы пациенттерде жас еріктілермен салыстырғанда налоксон-3-глюкуронидтің AUCτ мәні орта есеппен 128% дейін артқаны байқалды. Налоксон-З-глюкуронидтің Сmах орта есеппен 127% дейін артты. Оксикодонның Сmin орта есеппен 125% дейін ұлғайды.

Бауыр функциясы бұзылған пациенттер

Оксикодон

Жеңіл, орташа және ауыр дәрежедегі бауыр жеткіліксіздігі бар пациенттерде дені сау еріктілермен салыстырғанда оксикодонның AUC мәні орта есеппен сәйкесінше 143, 319 және 310% дейін ұлғайғаны байқалды. Оксикодонның Сmах орта есеппен 120, 201 және 191% дейін артты, ал t 1/2Z мәндері орта есеппен сәйкесінше 108, 176 және 183 % дейін жоғарылады.

Налоксон

Жеңіл, орташа және ауыр дәрежедегі бауыр жеткіліксіздігі бар пациенттерде дені сау еріктілермен салыстырғанда налоксонның AUCt мәнінің орта есеппен сәйкесінше 411, 11518 және 10666% дейін ұлғаюы байқалды. Налоксонның Сmах орта есеппен сәйкесінше 193, 5292 және 5252% дейін артты. Мәліметтер мөлшері жеткіліксіз болғандықтан, налоксонның t1/2Z мәндері және сәйкес AUC мәндері есептелген жоқ. Сондықтан налоксонның биожетімділігін салыстыру AUCt. мәндеріне негізделді.

Налоксон-З-глюкуронид

Жеңіл, орташа және ауыр дәрежедегі бауыр жеткіліксіздігі бар пациенттерде дені сау еріктілермен салыстырғанда налоксон-3- глюкуронидтің AUC мәндерінің орта есеппен сәйкесінше 157, 128 және 125 % дейін артқаны байқалды. Налоксон-3-глюкуронидтің Сmах орта есеппен 141, 118 % артты және – 98 % дейін азайды, ал налоксон-3- глюкуронидтің t 1/2Z мәндері орта есеппен 117% дейін ұлғайды, ал азаюы – сәйкесінше 77 және 94% дейін.

Бүйрек функциясы бұзылған пациенттер

Оксикодон

Жеңіл, орташа және ауыр дәрежедегі бүйрек жеткіліксіздігі бар пациенттерде дені сау еріктілермен салыстырғанда оксикодонның AUC мәнінің орта есеппен сәйкесінше 153, 166 және 224% дейін ұлғаюы байқалды. Оксикодонның Сmах орта есеппен 110, 135 және 167% дейін артты, ал оксикодонның t 1/2Z ора есеппен сәйксінше 149, 123 және 142 % дейін ұлғайды.

Налоксон

Жеңіл, орташа және ауыр дәрежедегі бүйрек жеткіліксіздігі бар пациенттерде дені сау еріктілермен салыстырғанда налоксонның AUCt мәнінің орта есеппен сәйкесінше 2850, 3910 және 7612% дейін ұлғаюы байқалды. Налоксонның Сmах орта есеппен сәйкесінше 1076, 858 және 1675% дейін артты. Мәліметтер мөлшері жеткіліксіз болғандықтан, налоксонның t1/2Z мәндері және сәйкес AUC мәндері есептелген жоқ. Сондықтан налоксонның биожетімділігін салыстыру AUCt. мәндеріне негізделді. Есептелген арақатынас мәндеріне дені сау еріктілердегі қан плазмасындағы налоксонның бейінін толық сипаттау мүмкіндігінің болмауы ықпал етуі мүмкін.

Налоксон-З-глюкуронид

Жеңіл, орташа және ауыр дәрежедегі бүйрек жеткіліксіздігі бар пациенттерде дені сау еріктілермен салыстырғанда налоксон-3- глюкуронидтің AUC мәнінің орта есеппен сәйкесінше 220, 370 және 525 % дейін ұлғаюы байқалды. Налоксон-3-глюкуронидтің Сmах орта есеппен сәйкесінше 148, 202 және 239% дейін ұлғайды. Бүйрек жеткіліксіздігі бар пациенттерде дені сау еріктілермен салыстырғанда, орта есеппен налоксон-3-глюкуронидтің t 1/2Z мәндерінде елеулі айырмашылықтар байқалған жоқ.

Бұдан басқа, налоксонның интраназальді қолдану кезіндегі элиминация жылдамдығы баяу. Осылайша, дұрыс қолданылмаған жағдайда Таргин емдік әсерін көрсетпейді. Оксикодонға тәуелді егеуқұйрықтарда оксикодон гидрохлоридін/налоксон гидрохлоридін 2:1 арақатынасында вена ішіне енгізу абстиненттік синдромның дамуына әкелді.

Фармакодинамикасы

Оксикодонның және налоксонның мидағы, жұлындағы және шеткері ағзалардағы (мысалы, ішектегі) κ-(каппа-), μ-(мю-) және δ-(дельта-) апиындық рецепторларға тектестігі бар. Оксикодон апиындық рецепторлардың агонисі функциясын атқарады және орталық жүйке жүйесінде (ОЖЖ) эндогенді апиындық рецепторлармен байланысу арқылы ауырғанды басатын әсер береді. Налоксон, керісінше, апиындық рецепторлардың барлық типтеріне әсер ететін толық антагонист.

Айқын жүйеалдылық метаболизм салдарынан (алғашқы өту әсері), налоксонның ішке қабылдаған кездегі биожетімділігі 3%-дан азды құрайды, сондықтан клиникалық мәні бар жүйелі әсер ету ықтималдығы аз. Оксикодонның ішектегі апиындық рецепторларға әсеріне қатысты жергілікті бәсекелес антагонизмінің арқасында, налоксон апиындармен емдеуге тән ішек функциясы бұзылуының айқындығын азайтады.

Апиын индукциялаған іш қатуы бар 322 пациент қатысқан қатарлас топтардағы 12 апталық қосарлы жасырын зерттеуде оксикодон гидрохлориді-налоксон гидрохлориді біріктірілімін қабылдаған пациенттерде, босап шығуы ұзаққа созылған (р<0,0001) таблеткалар түрінде оксикодон гидрохлоридінің ұқсас дозаларын қолдануды жалғастырған пациенттермен салыстырғанда емнің соңғы аптасы ішінде орта есеппен ішектің бір қосымша толық өздігінен болған (іш жүргізетіндерсіз) қозғалысы туындады. Емнің алғашқы төрт аптасында іш жүргізетіндерді қолдану оксикодонмен монотерапия тобымен салыстырғанда оксикодон-налоксон тобында едәуір төмен болды (сәйкесінше 31 және 55 %, р <0,0001). Оксикодон гидрохлоридін/налоксон гидрохлоридін 60 мг/30 мг-ден 80 мг/40 мг дейінгі дозаларда қолданған 265 онкологиялық емес пациенттердегі зерттеуде оксикодон гидрохлориді дозаларының осындай диапазонымен салыстырғанда ұқсас нәтижелер алынды.

Апиындар гипоталамус-гипофиз-бүйрек үсті безі жүйесіне немесе жыныс бездеріне ықпал етуі мүмкін. Пролактиннің сарысулық концентрациясының ұлғаюы және плазмадағы кортизол мен тестостерон концентрациясының төмендеуі байқалады. Клиникалық симптомдар осындай гормональді өзгерістермен түсіндірілуі мүмкін.

Клиникаға дейінгі зерттеу нәтижелері табиғи апиындардың иммундық жүйе компоненттеріне әр бағыттағы әсерлерін көрсетті. Бұл байқалғандардың клиникалық мәнділігі анықталған жоқ. Оксикодон, жартылай синтетикалық апиын, иммундық жүйеге табиғи апиындарға ұқсайтындай әсер ете ме, жоқ па, белгісіз.

Қолданылуы

  • ересектердегі апиындық анальгетиктерді қолдануды қажет ететін ауыру синдромы.

Препараттың құрамына налоксон кіреді, ол оксикодонның ішектің апиындық рецепторларына әсерін бөгеу арқылы апиыннан туындайтын іш қатудың білінуін азайта алады.

Қолдану тәсілі және дозалары

Ішке қабылдау үшін

Таргин препараты көрсетілген дозада күніне екі рет қатаң түрде бір уақытта қолданылады.

Босап шығуы ұзаққа созылған таблеткалар тамақ ішуге байланыссыз қабылданады және жеткілікті мөлшердегі сұйықтықпен ішіледі.

Босап шығуы ұзаққа созылған препараттың қасиеттерін бұзбау үшін, таблеткаларды сындырмай, шайнамай және үгітпей бүтіндей жұту керек. Босап шығуы ұзаққа созылған таблеткаларды сындырған, шайнаған немесе үгіткен кезде белсенді заттары тезірек бөлінеді, бұл оксикодонның әлеуетті өлімге ұшырататын дозасының сіңірілуіне әкелуі мүмкін.

Препараттың дозасы ауыру синдромының қарқындылығын және пациенттің сезімталдығын ескере отырып таңдалады.

Егер басқаша белгіленбесе, Таргин препараты төмендегідей тағайындалады:

Ересек пациенттер

Бұдан бұрын апиындарды қабылдамаған пациенттер үшін стандартты бастапқы доза әр 12 сағат сайын сәйкесінше 10 мг/5 мг оксикодон гидрохлоридін/налоксон гидрохлоридін құрайды.

Базалық зерттеуде орташа тәуліктік доза 20 мг/10 мг оксикодон гидрохлоридін/налоксон гидрохлоридін құрады.

Бұдан бұрын апиындарды қабылдаған пациенттерге, алдыңғы емнің ұзақтығына байланысты жоғарырақ дозалар қажет болуы мүмкін.

5 мг/2,5 мг дозадағы Таргин препараты емдеудің басында пациенттің жеке сезімталдығын ескере отырып дозаны таңдауға арналған.

Таргин препаратының ең жоғары тәуліктік дозасы 160 мг оксикодон гидрохлоридін және 80 мг налоксон гидрохлоридін құрайды.

Ең жоғары тәуліктік дозаны бұған дейін Таргиннің тұрақты тәуліктік дозасы қолданылған және дозаны арттыру қажеттілігі туындаған пациенттерде қолдану қажет. Дозаны арттыру мүмкіндігін қарастырған жағдайда, бүйрек функциясы төмендеген пациенттерге және жеңіл бауыр жеткіліксіздігі бар пациенттерге ерекше назар аудару қажет.

Таргин препаратымен емдеу аяқталғаннан кейін және ізінше пациентке басқа апиынды тағайындағанда АІЖ функциясының бұзылуы мүмкін.

Таргин препаратын ұдайы қолданатын кейбір пациенттерде қатты ауыруды жою үшін, қосымша жылдам әсер ететін анальгетик қажет болады. Таргин препараты босап шығуы ұзаққа созылған дәрілік түрде ұсынылғандықтан, ол жедел ауыру синдромын емдеуге арналмаған. Жедел ауыруды басу үшін оксикодон гидрохлоридінің күндік дозасының шамамен 1/6 тең дозадағы жылдам әсер ететін анальгетиктерді тағайындау керек. Жылдам әсер ететін анальгетиктің күніне екіден артық қосымша қабылдануы қажет болса, Таргин препаратының дозасын жоғарылату мүмкіндігін қарастырған жөн. Таргин препаратының дозасын біртіндеп жоғарылату керек – екі рет қолдану кезінде әрбір 1-2 күні препарат дозасын 5 мг/2,5 мг, ал қажет болса, тұрақты емдік дозаға жеткенге дейін сәйкесінше 10 мг/5 мг оксикодон гидрохлориді/налоксон гидрохлоридіне арттыруға болады. Дозаны қадамдық ұзартудағы мақсат – күніне 2 рет қабылдаған кезде әрбір пациент үшін препараттың қажетті дозасына қол жеткізу, ол қосымша жылдам әсер ететін анальгетике қажеттілікті азайта отырып, ауыруды жеткілікті түрде басуды қамтамасыз етеді.

Таргин препараты жеке таңдалынған дозада күніне екі рет бекітілген қабылдауға арналған. Пациенттердің көпшілігі үшін препаратты таңертеңгі және кешкі (әр 12 сағат сайын) бекітілген қабылдау жеткілікті анальгетикалық әсерді қамтамасыз етсе, пациенттердің бір бөлігі үшін препаратты қабылдаудың қалдық ауыру сезімдерін ескере отырып құрылған жеке, біркелкі емес графигі қажет. Жалпы алғанда, анальгетиктің ең аз тиімді дозасын таңдап алу керек.

Онкологияық ЕМЕС пациенттерді емдеген кезде Таргин препаратының емдік дозасы, әдетте, 40 мг/20 мг оксикодон гидрохлориді/налоксон гидрохлоридінен аспайды, алайда одан жоғарырақ доза да қажет болуы мүмкін.

Балалар мен жасөспірімдер

Таргин препаратының 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдердегі қауіпсіздігі мен тиімділігі зерттелген жоқ.

Егде пациенттер

Жасырақ ересек пациенттердегі сияқты, препарат дозасы ауырудың қарқындылығын және препаратқа сезімталдықты ескере отырып таңдалады.

Бауыр функциясы бұзылған пациенттер

Клиникалық зерттеу нәтижелері көрсеткендей, бауыр жеткіліксіздігі бар пациенттерде оксикодонның және налоксонның плазмадағы концентрациясы жоғарылайды, оның ішінде бұл әсер налоксонға қатысты көбірек дәрежеде білінеді. Бауыр жеткіліксіздігі бар пациенттердегі налоксонның жоғарырақ экспозициясына қатысты клиникалық мәнділігі белгісіз. Таргин препаратын жеңіл бауыр жеткіліксіздігі бар пациенттерде сақтықпен қолдану керек. Таргинді орташа және ауыр дәрежедегі бауыр жеткіліксіздігінде қолдануға болмайды.

Бүйрек функциясы бұзылған пациенттер

Клиникалық зерттеу нәтижелері көрсеткендей, бүйрек жеткіліксіздігі бар пациенттерде оксикодонның және налоксонның плазмалық концентрациясы жоғарылайды, оның ішінде бұл әсер налоксонға қатысты көбірек дәрежеде білінеді.

Бүйрек жеткіліксіздігі бар пациенттердегі налоксонның жоғарырақ экспозициясына қатысты клиникалық мәнділігі белгісіз. Таргин препаратын бүйрек жеткіліксіздігі бар пациенттерде сақтықпен қолдану керек.

Емнің ұзақтығы

Таргин препаратын қолдану абсолютті түрде қажетті мерзімнен ұзақ болмауы тиіс. Егер пациентке аурудың түрі мен ауырлығын ескере отырып ауырғанды басатын емнің ұзақ курсы қажет болса, жоспарланған емнің жалпы қажеттілігі және қарқындылығы туралы мәселені шешу үшін мұқият әрі тұрақты бақылау ұйымдастыру керек. Егер апиынмен емдеуге бұдан әрі болмайтын болса, препараттың дозасын бірте-бірте азайту керек.

Жағымсыз әсерлері

Төменде келтірілген жағымсыз реакциялардың жиілігі мынадай градацияға сәйкес анықталды: өте жиі (≥1/10); жиі (≥1/100, <1/10); жиі емес (≥1/1000, <1/100), сирек (≥1/10 000, <1/1 000) және өте сирек (<1/10 000), жиілігі белгісіз (қолда бар деректермен анықтау мүмкін емес).

жиі (≥1/100, <1/10)

  • тәбеттің мүлде жоғалуға дейін төмендеуі

  • ұйқысыздық

  • бас айналу, бас ауыру, ұйқышылдық

  • қан «кернеулері»

  • іштің ауыруы, іш қату, диарея, ауыздың кеберсуі, диспепсия, жүрек айну, құсу, метеоризм

  • терінің қышынуы, бөртпе, тершеңдік

  • астения, қатты қажу

  • жиі емес (≥1/1000, <1/100)

  • аса жоғары сезімталдық реакциясы

  • патологиялық ойлау, үрейлену, сананың шатасуы, депрессия, күйгелектік, мазасыздық

  • құрысулар (эпилепсиясы бар немесе құрысу белсенділігі жоғары пациенттерге тән), зейіннің төмендеуі, дәм сезудің бұзылуы (дисгевзия), сөйлеудің бұзылуы, естен тану, тремор, летаргия

  • көру арқылы қабылдаудың бұзылуы

  • стенокардия, жүректің ишемиялық ауруы бар пациенттерге тән, анамнезінде жүрек қағысының жиілеуімен

  • артериялық қысымның (АҚ) төмендеуі немесе АҚ жоғарылауы

  • ентігу, тұмау, жөтел

  • іштің кебуі

  • бауыр ферменттері белсенділігінің жоғарылауы, өттің шаншуы

  • бұлшықеттердің түйілуі, бұлшықеттердің тартылуы, миалгия

  • несеп шығаруға императивті қажеттіліктер

  • кеуденің ауыруы, қалтырау, абстинентті синдром, дімкәстік, ауыру, шеткері ісінулер, шөлдеу

  • дене салмағының төмендеуі

  • жазатайым жағдай салдарынан жарақаттану

  • сирек (≥1/10 000, <1/1 000)

  • тахикардия

  • есінеу

  • тістің ауыруы

  • дене салмағының артуы

  • жиілігі белгісіз

  • эйфория, елестеулер, қорқынышты түс көру

  • парестезиялар, тежелу

  • тыныс алу жеткіліксіздігі

  • кекіру

  • несеп шығарудың кідіруі

  • эректильді дисфункция

  • Белсенді зат – оксикодон гидрохлориді үшін – мынадай қосымша жағымсыз дәрілік реакциялар туралы белгілі:

  • Өзінің фармакологиялық әсерінің салдарынан оксикодон гидрохлориді тыныс алудың бәсеңдеуін, миозды, бронх түйілуін және тегіс бұлшықеттердің түйілуін туындатуы, сондай-ақ жөтел рефлексін басуы мүмкін.

  • жиі (≥1/100, <1/10)

  • көңіл күйдің бұзылуы және тұлғаның өзгеруі, белсенділіктің төмендеуі, психомоторлық белсенділіктің жоғарылауы, аса жоғары белсенділік

  • ықылық ату

  • дизурия

  • жиі емес (≥1/1000, <1/100)

  • сусыздану

  • қозу, үрейлену сезімі, айналадағы шындықты қабылдаудың бұзылуы (мысалы, болып жатқан жағдайлардың шынайылығын сезінбеу), дәрі-дәрмекке тәуелділік

  • холестаз

  • миоз

  • гипогонадизм

  • зейін қоюдың бұзылуы, бас сақинасы, бұлшықеттің еріксіз тартылуы, гипестезия, қимыл үйлесімінің бұзылуы

  • естудің нашарлауы

  • вазодилатация

  • дисфония

  • дисфагия, ішек бітелісі, ауыз қуысының шырышты қабығының ойық жаралары, стоматит

  • тері жабындарының құрғақтығы

  • ісінулер, шөлдеу, дәрі-дәрмекке төзімділік

  • сирек (≥1/10 000, <1/1 000)

  • қарапайым герпес

  • тәбеттің артуы

  • мелена, қызыл иектің қанағыштығы

  • есекжем

  • жиілігі белгісіз

  • анафилаксиялық реакциялар

  • агрессия

  • аменорея

  • тісжегі

  • жаңа туған нәрестелердегі абстиненция синдромы

  • гиперальгезия

Қолдануға болмайтын жағдайлар

  • дәрілік препараттың белсенді заттарына немесе басқа компоненттеріне аса жоғары сезімталдық

  • пациенттің апиындарды қолдануға болмайтын кез келген клиникалық жай-күйі

  • тыныс алудың бәсеңдеуі гипоксиямен және/немесе гиперкапниямен

  • қандағы көмір қышқылы деңгейінің жоғарылауы

  • өкпенің ауыр созылмалы обструкциялық ауруы (ӨСОА)

  • «өкпелік» жүрек

  • ауыр бронх демікпесі

  • апиындық емес салданған ішек бітелісі

  • ауырлық дәрежесі орташа және ауыр бауыр жеткіліксіздігі

  • 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдер

  • тұқым қуалайтын галактоза жақпаушылығы, лактаза тапшылығы, глюкоза-галактоза мальабсорбциясы (препараттың құрамында лактоза бар)

Дәрілермен өзара әрекеттесуі

ОЖЖ бәсеңдететін дәрілік препараттар (басқа апиындар, тыныштандыратын және ұйықтататын – препараттар, антидепрессанттар, фенотиазиндер, нейролептиктер, антигистаминдік және құсуға қарсы препараттар), Таргин препаратының ОЖЖ депрессивтік әсерін күшейтуі мүмкін (мысалы, тыныстың тарылуы).

Оксикодонды антихолинергиялық дәрілермен немесе холинді бөгейтін белсенділігі бар дәрілік препараттармен (мысалы, трициклдік антидепрессанттар, антигистаминдік препараттар, психозға қарсы бұлшықет релаксанттары, Паркинсон ауруының препараттары) бір мезгілде қабылдау антихолинергиялық дәрілердің жағымсыз құбылыстарының күшеюіне әкелуі мүмкін.

Алкоголь Таргин препаратының фармакодинамикалық әсерлерін күшейтуі мүмкін, сондықтан Таргин препаратын алкогольмен бір мезгілде қабылдамау керек.

Оксикодонды және кумариндік антикоагулянттарды бір мезгілде қабылдайтын пациенттерде, халықаралық қалыптасқан қатынас мәндерінің (ХҚҚ) екі бағытта да клиникалық мәні бар өзгерістері байқалды.

Оксикодонның метаболизмі көбінесе Р450 цитохромы октемінің изоферменті CYP3A4 және, ішінара, CYP2D6 қатысуымен жүреді.

Бұл метаболизмдік жолдардың белсенділігі басқа қолданылатын дәрілік препараттардың немесе тамақ өнімдерінің бір мезгілде ықпал етуі есебінен төмендеуі немесе жоғарылауы мүмкін. Осылайша, Таргин препаратының дозасына тиісті түзету жасау қажет.

Макролидті антибиотиктер (кларитромицин, эритромицин, телитромицин) сияқты CYP3A4 изоферментінің тежегіштері, азолдар тобындағы зеңге қарсы препараттар (кетоконазол, вориконазол, итраконазол, позаконазол), АИТВ протеаза тежегіштері (ритонавир, индинавир, нелфинавир, саквинавир), циметидин және грейпфрут шырыны оксикодонның клиренсін төмендетуі және оның плазмадағы концентрациясының жоғарылауына әкелуі мүмкін. Мұндай жағдайда Таргин препаратының дозасын азайту және оны қайта таңдап алу қажет болуы мүмкін.

Рифампицин, карбамазепин, фенитоин және шілтер жапырақты шайқурай сияқты CYP3A4 изоферментінің индукторлары препараттың метаболизмін белсенділендіруі және клиренсін жоғарылатуы мүмкін, оксикодонның плазмадағы концентрациясының төмендеуі соның нәтижесі болып табылады. Сақтық таныту қажет және, сонымен қатар, ауыру синдромына тиісті бақылау жасау мақсатында дозаны қосымша таңдау қажет болуы мүмкін.

Теориялық тұрғыда, медициналық препараттар – пароксетин, флуоксетии және хинидин сияқты CYP2D6 изоферментінің тежегіштері, оксикодонның клиренсін төмендетуі және, сәйкесінше, плазмадағы концентрациясын жоғарылатуы мүмкін. CYP2D6 изоферментінің тежегіштерімен бірге қолдану оксикодонның элиминациясына және оның фармакодинамикалық әсерлеріне елеусіз ықпал етті.

In vitro метаболизмін зерттеу нәтижелері оксикодон мен налоксонның арасында клиникалық мәні бар өзара әрекеттесулерді күтуге болмайтынын айғақтайды. Емдік концентрацияларда парацетамолмен, ацетилсалицил қышқылымен немесе налтрексонмен және оксикодон мен налоксон біріктірілімімен арадағы клиникалық елеулі өзара әрекеттесулер ықтималдығы өте аз.

Айрықша нұсқаулар

Апиындармен артық дозаланудың ең күрделі салдары тыныс алудың бәсеңдеуі болып табылады. Таргин препаратын егде адамдарға немесе: әлсіреген пациенттерге, апиындардан туындаған салданған ішек бітелісі бар пациенттерге, тыныс алудың ауыр бұзылыстарында, ұйқы кезіндегі апноэ бар пациенттерге, микседемада, гипотиреозда, Аддисон ауруында (бүйрекүсті безі жеткіліксіздігі), уытты психозда, өт тасы ауруында, қуықасты безінің гиперплазиясында, алкоголизмде және алкогольдік делирийде, панкреатитте, жоғары немесе төмен артериялық қысымда, анамнезде бұрын болған жүрек-қантамыр ауруларында, бас жарақатында (бассүйек ішілік қысымның жоғарылау қаупі), эпилепсияда немесе құрысуларға бейімділікте, немесе моноаминооксидаза (МАО) тежегіштерін бір мезгілде қабылдайтын пациенттерге тағайындағанда сақтық таныту қажет.

Препаратты жеңіл дәрежедегі бүйрек және бауыр жеткіліксіздігі бар пациенттерге сақтықпен тағайындайды. Ауыр бүйрек жеткіліксіздігі бар пациенттерге мұқият медициналық бақылау орнату керек.

Диарея налоксонға қатысты күтілетін жағымсыз реакция ретінде қарастырылуы мүмкін.

Апиындардың жоғары дозаларын ұзақ уақыт қабылдаған пациенттерді Таргин препаратына ауыстыру емдеудің басында абстиненттік синдромды тудыруы мүмкін. Мұндай пациенттерге ерекше көңіл бөлген жөн.

Таргин препараты «тоқтату» симптомдарын емдеуге арналмаған.

Препаратты ұзақ уақыт қабылдау кезінде пациентте төзімділік дамуы мүмкін, осыған байланысты, ауырғанды басатын әсерін сақтау үшін Таргин препаратының жоғарырақ дозалары қажет болады. Таргин препаратын ұзақ уақыт қолдану физикалық тәуелділікті тудыруы мүмкін. Емді кенет тоқтатқан кезде абстиненттік синдром дамуы мүмкін. Егер Таргин препаратымен емдеу қажеттілігі аяқталса, абстиненттік синдромды болдырмау үшін дозаны бірте-бірте төмендету ұсынылады. Таргин препаратын қоса, апиындық анальгетиктерге психологиялық тәуелділіктің (аддикция) даму қаупі бар, сондықтан Таргин препаратын анамнезінде алкогольге немесе есірткіге тәуелділігі бар пациенттерге өте сақтықпен қолдану керек.

Оксикодонға дәрілік тәуелділіктің даму бейіні апиындық рецепторлардың басқа да күшті агонистеріне ұқсас.

Ұйқышылдық және/немесе кенеттен ұйықтап кету симптомдары пайда болған пациенттерге автокөлік басқарудан және қозғалатын механизмдермен жұмыс істеуден бас тарту керек. Бұдан басқа, препарат дозасын азайту немесе емді тоқтату мәселесін қарастыруға болады. Егер пациенттер Таргинмен үйлесімде басқа седативтік дәрілік заттарды қабылдайтын болса, болжамды аддитивтік әсерлер дамуы мүмкіндігінен сақ болу керек.

Бір мезгілде алкогольді қабылдаудан аулақ болу керек, өйткені Таргин препаратының жағымсыз реакцияларының күшеюі мүмкін.

Таргин препаратын перитонеальді карциноматоз түріндегі қатерлі ісіктердің асқынулары немесе асқазан-ішек жолының немесе кіші жамбас аймағының таралған ісіктері кезіндегі ішінара окклюзия синдромы бар пациенттерге қолданудың клиникалық тәжірибесі жоқ, сондықтан мұндай пациенттерге препаратты тағайындау ұсынылмайды.

Таргин препаратын операция алдында немесе операциядан кейін алғашқы 12-24 сағат ішінде қолдану ұсынылмайды. Препаратты одан әрі қолдану жүргізілген операциялық араласудың түрі мен көлемін, анестезия түрін, бір мезгілде қолданылатын басқа препараттарды және пациенттің жалпы жай-күйін ескере отырып әрбір пациент үшін пайда мен қауіп арақатынасын мұқият бағалаудан кейін мүмкін болады. Аталған препаратты артық қолдануға болмайды.

Героин, морфин немесе метадон сияқты апиындық агонистерге (парентеральді, интраназальді немесе ішу арқылы қолданылатын) тәуелділігі бар пациенттерде Таргинді шамадан тыс пайдаланған кезде апиындық рецепторлардың антагонисі налоксонның әсеріне орай абстиненттік синдромның айқын белгілерінің туындауын немесе бұрыннан бар абстиненция симптомдарының күшеюін күтуге болады.

Таргин препараты тек қана ішке қабылдауға арналған қосарлы полимерлік матрица болып табылады.

Есірткіге тәуелділігі бар пациенттерге препараттың компоненттерін (әсіресе, талькті) парентеральді енгізу ошақталған тін некрозының және өкпе грануломатозының дамуына немесе басқа да күрделі, өліммен аяқталатын жағымсыз реакцияларға әкеліп соғуы мүмкін.

Белсенді заттың таблеткадан ұзақ уақыт босап шығуын қамтамасыз ететін бос матрица пациенттің нәжісінен табылуы мүмкін.

Таргин препаратын қолдану аясында допинг-бақылау нәтижелері оң болуы мүмкін. Таргин препаратын допинг ретінде қабылдау денсаулыққа қауіп төндіруі мүмкін.

Осы препаратқа тән ұзаққа созылған босап шығу қасиетін бұзбау үшін, босап шығуы ұзаққа созылған таблеткалар бүтіндей жұтылуы тиіс. Оларды сындыруға, шайнауға немесе үгітуге болмайды. Оксикодон мен налоксонның босап шығуы бақыланатын сындырылған, шайналған немесе үгітілген таблеткаларды қабылдау оксикодонның тез босап шығуына және сіңуіне немесе әлеуетті өлімге ұшырататын артық дозалануына әкелуі мүмкін.

Лактоза

Препарат құрамында лактоза бар. Таргинді лактоза жақпаушылығына, туа біткен Lapp-лактаза жеткіліксіздігіне немесе глюкоза/галактоза сіңуінің бұзылуына байланысты тұқым қуалайтын сирек аурулары бар пациенттерге қолдануға болмайды.

18 жасқа дейінгі балаларда және жасөспірімдерде Таргинді қолданудың қауіпсіздігі және тиімділігі бойынша зерттеулер жүргізілмеген. Сондықтан препаратты 18 жасқа дейінгі балаларда және жасөспірімдерде қолдану ұсынылмайды.

Жүктілік және лактация кезеңі

Жүктілік

Таргин препаратын жүктілікте және емшек емізу кезеңінде қолдану туралы мәліметтер жоқ. Оксикодонды жүктілерде шектеулі қолдану туа біткен кемістіктердің даму қаупінің жоғарылауын анықтаған жоқ. Налоксонды жүктілік кезеңінде қолдану туралы мәліметтер жеткіліксіз. Дегенмен, Таргин препаратын қабылдағаннан кейін налоксонның әйелдердегі жүйелі әсері салыстырмалы түрде жоғары емес.

Оксикодон да, налоксон да плацента арқылы өтеді. Оксикодон мен налоксон біріктіріліміне жануарларда зерттеу жүргізілген жоқ. Оксикодон мен налоксонның жануарлардағы уыттылығын бөлек-бөлек зерттеуде тератогендік немесе эмбриоуыттылық әсері анықталған жоқ.

Оксикодонды жүктілік кезінде ұзақ уақыт қолданған кезде жаңа туған нәрестелерде «тоқтату» синдромы дамуы мүмкін. Оксикодонды босану кезінде қолданған кезде жаңа туған нәрестеде тыныс алудың қиындауы байқалуы мүмкін. Егер анасы үшін пайдасы шарана мен жаңа туған нәресте үшін ықтимал қауіптерден артық болса, Таргин препаратын жүктілік кезінде қолдануға болады,.

Лактация

Оксикодон емшек сүтіне өтеді. Оның сүттегі және плазмадағы концентрациясының арақатынасы 3,4:1 құрайды, сондықтан оксикодон емшек еметін балаға өз әсерін тигізуі әбден ықтимал. Налоксонның емшек сүтіне өтуі туралы мәліметтер жоқ. Таргин препаратын қабылдағаннан кейін налоксонның жүйелі концентрациясы өте аз екені байқалған. Емшек еметін балаға, әсіресе емізуші ана Таргин препаратын көп рет қолданған жағдайда бала үшін қауіптілігі жоққа шығарылмайды. Таргин препаратын қолдану кезінде емшек емізуді тоқтату керек.

Көлік құралдарын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне ықпал ету ерекшеліктері

Таргин көлік құралдарын басқару және механизмдермен жұмыс істеу қабілетіне орташа ықпал етеді. Әсіресе, бұл Таргин препаратымен емнің бас кезінде, дозаны арттырғаннан кейін немесе басқа препараттарды қабылдауға көшкеннен кейін, сондай-ақ ОЖЖ белсенділігін бәсеңдететін басқа препараттармен бір мезгілде қабылдаған кезде болуы ықтимал.

Көлік құралдарын басқару және басқа механизмдермен жұмыс істеу алдында емдеуші дәрігерден міндетті түрде алдын ала кеңес алу қажет.

Таргин қабылдайтын пациенттерде ұйқышылдық және/немесе кенеттен ұйықтап кету эпизодтары болады. Бұндай пациенттерді қайталанатын ұйқышылдық симптомдары жойылғанға дейін көлік құралдарын басқарудан немесе зейін қоюдың бұзылуы пациенттің немесе басқа адамдардың денсаулығына қауіп тудыруы мүмкін немесе өлімге соқтыруы мүмкін (мысалы, механизмдермен жұмыс атқару) шараларға қатысудан бас тарту керектігі туралы хабардар ету керек.

Артық дозалануы

Симптомдары: пациенттің ауруының ерекшеліктеріне байланысты, Таргин препаратының артық дозалануы оксикодонның (апиындық рецепторлардың агонисі) немесе налоксонның (апиындық рецепторлардың антагонисі) артық дозалануына тән симптомдармен білінуі мүмкін.

Оксикодонаның артық дозалану симптомдары миозды, тыныс алудың бәсеңдеуін, мелшиюге айналатын ұйқышылдықты, қаңқа бұлшықеттерінің босаңдығын, брадикардияны және артериялық гипотензияны қамтиды. Артық дозаланудың ауыр жағдайлары кома, кардиогендік емес өкпе ісінуі және өліммен аяқталу ықтималдығы бар қанайналым жеткіліксіздігі түрінде білінуі мүмкін. Тек қана налоксонмен артық дозалану симптомдарының даму ықтималдығы аз.

Емі: налоксонмен артық дозаланудың салдары ретіндегі абстиненттік синдромды емдеу тұрақты медициналық бақылау жағдайында симптоматикалық болуы тиіс. Тыныс жолдарының еркін өткізгіштігі сақталуы тиіс.

Оксикодонмен артық дозалануды болжайтын клиникалық симптомдар апиындық рецепторолардың антагонистерін енгізу арқылы жойылуы мүмкін (мысалы, 0,4-2 мг налоксон гидрохлоридін вена ішіне енгізу). Қажет болса, енгізуді 2-3 минуттық аралықпен қайталауға болады. Препаратты венаішілік инфузия түрінде енгізуге болады: 2 мг налоксон гидрохлоридін 500 мл 0,9 % натрий хлоридінің ерітіндісіне немесе 5%- декстроза ерітіндісіне (налоксон концентрациясы 0,004 мг мл) қосады және препараттың инъекциялық енгізілуіндегі дозалануына сәйкес жылдамдықпен және пациент тарапынан клиникалық жауапқа сәйкес енгізеді.

Асқазанды шаю мүмкіндігін ескеру қажет.

Өкпені жасанды желдету, оттегін, тамырды тарылтатын препараттарды тағайындау және ерітінділерді вена ішіне инфузия жасау түріндегі демеуші ем артық дозаланудың салдары ретіндегі циркуляциялық шокты қоса, көрсетілімдер бойынша қолданылады. Жүректің тоқтауы немесе аритмия жүрекке массаж жасауды немесе дефибрилляцияны қажет етуі мүмкін. Сондай-ақ су-электролиттік теңгерімді демеу керек.

Қажет болуына қарай басқа да демеуші шаралар қолданылуы тиіс.

Шығарылу түрі және қаптамасы

Босап шығуы ұзаққа созылған, үлбірлі қабықпен қапталған 5 мг/2,5 мг, 10 мг/5 мг, 20 мг/10 мг, 40 мг/20 мг таблеткалар.

10 таблеткадан ПВХ-дан және алюминий фольгадан жасалған блистерде, 2 блистерден медициналық қолдану жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картон қорапшада.

Сақтау шарттары

25 °С-ден аспайтын температурада сақтау керек.

Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!

Сақтау мерзімі

3 жыл.

Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін қолдануға болмайды.

Дәріханалардан босатылу шарттары

Рецепт арқылы

Өндіруші ұйымның атауы және елі

Bard Pharmaceuticals Ltd., Кембридж, Ұлыбритания

Тіркеу куәлігі ұстаушысының атауы және елі

Mundipharma Gesellschaft m.b.H. Apollogasse 16-18 1070 Wien Австрия

Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан дәрілік заттың сапасына қатысты шағымдарды (ұсыныстарды) қабылдайтын; дәрілік заттың тіркеуден кейінгі қауіпсіздігін қадағалауға жауапты ұйымның атауы, мекенжайы және байланыс деректері (телефон, факс, электронды пошта)

«Мундифарма Медикал СЕЕ ГмбХ» Қазақстандағы өкілдігі

Қазақстан Республикасы

Алматы қ-сы, 050000, Медеу ауданы,

Қонаев к-сі, 77 үй,

«Park View Office Tower», Бизнес орталығы, 6 қабат, №56 кеңсе

Тел: 8 727 271 98 27

office@mundipharma.kz

Прикрепленные файлы

Таргин_табл_каз.doc 0.18 кб
Таргин_табл_рус.docx 0.06 кб

Отправить прикрепленные файлы на почту